KazakhRussianEnglish (United Kingdom)

 

 

Абдурасул Жарменов, Кеңес және қазақ металлургы, Екі мәрте ғылым  мен техника саласындағы мемлекетт»к сыйлықтың иегері,  техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді  қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК бас директоры:

 

25 жасымда «КСРО-ның өнертапқышы» атандым

 

Біздің анықтама:

Жылы: Мешін (1956 жыл)

Жұлдызы: Тауешкі (11 қаңтар)

Кітабы: М.Әуезовтың «Абай жолы», Донна Ванлирдің «Рождественские туфли»

Ақыны: Ұлықбек Есдәулет

Әншісі: Тамара Асар, Қанат Үмбетов, Әлия Әбікен, Димаш Құдайберген

Актері: Досхан Жолжақсынов, Асанәлі Әшімов

Тағамы: ет

Сусыны: коньяк, виски

Өмірлік ұстанымы: адал болу

 

БАЛА КЕЗІМНЕН «ПРОФЕССОР БОЛАМЫН» ДЕЙТІНМІН

 

– Абдурасул аға, журналымыз негізінен өмірбаяндық болғаннан кейін сұхбатымызды туған жеріңіз, отбасыңыз туралы өрбітсек?

 

– Мен қазіргі Түркістан облысы, Бабайқорған ауылында дүниеге келдім. Ауылымыз Түркістаннан 40 км жерде орналасқан. Ауыл тұрғындары мал бағып,  шаруашылықпен айналысатын. Бірақ мен кішкентайымнан еркелеп өстім.  Мен туылғанда ағаларымның барлығы мектеп бітіріп, есейген азаматтар еді. Сондықтан қой бағу немесе үй шаруасы дегенге араласпайтынмын.

 

Әкем соғыстан соң колхоздың төрағасы қызметін атқарды. Бірақ үш айдан кейін кеңсе өртеніп кетіп, ол кісі 15 жылға сотталып кетті. Сөйтіп әкем Сталиннің соңғы репрессиясының легіне түсіп қалды. Алайда Сталин қайтыс болғаннан соң, 1954 жылы әкем түрмеден босап шықты. Араға 10 жыл салып 1956 жылы төрт ұлдан кейін мен дүниеге келдім. Өзімнен кейін жалғыз қарындасым бар. Негізі жеті ағайындымыз. Бірақ бір бауырымыз екі жасқа жетпей шетінеп кеткен екен. Ол туралы тек апамыздан естуіміз ғана бар. Есімі Беріс болған.

 

Міне, осылайша ауылдың қарапайым бір отбасында өстік. Біздің ауылға 67-жылдары ғана электр тоғы, ал 68-жылы теледидар келді. Оған дейін майшам тазалап, қолданатынбыз. Майшамды түні бойы жаққан соң, қап-қара болып кететін. Оны кейін анамыз таңертең бізге тазалататын.

 

– Әкеңіз түрмеде 15 жылын толық өтеп шықты ма? Ол кісі туралы айтып кетіңізші.

 

– Жоқ, 5-6 жыл отырып шықты. Әкем Алдаш соғысқа барған. Мен әкемді ұлғайған жасында ғана көрдім. Мен туылғанда ол кісі 45 жаста еді. Әкем ауылда махта бригадирі болып жұмыс істеді. Өте еңбекқор адам еді. Анамның айтуынша, әкеміз, әсіресе, түрмеден кейін тынбай жұмыс істеген. Қара жұмыс қой енді, жер аударады, картоп, шалғам егіп өсіретін. Әйтеуір, шаршау дегенді білмейтін. Жоғары білімі болмаса да, өте сауатты адам еді. Құран кәрім кітабын оқыған, діни сауаты ашық адам. Бізге түрлі діни әңгімелер айтып беретін.

 

 

– Қандай әңгімесі есіңізде қалды?

 

– Бір әңгімесі есімде қалыпты. Бірде бір кісіге пайғамбар айтыпты: алдыңнан не шықса соны жұтып қоя беруге тырыс депті. Бір күні алдынан үлкен тау шығыпты. Оны жұту, қиынға соғыпты. Алғашында қиын болғанымен, кейін ары қарай жеңілдеп, түбінде ол тауды да жұтып қойған. Сонда ол кісіден «сен не жұтқаныңды білесің бе?» деп сұраса, «жоқ, білмеймін» деген екен. Сөйтсе «Бұл ашу. Ашуды жұтсаң өзіңе де, айналаңдағы адамдарға да жақсы» деп айтқан екен.

 

Сондай-ақ әкем математикадан көмектесетін. Түрлі логикалық есептер беретін. Сонымен қатар маған шахмат ойнауды үйретті.

 

– Ал анаңыз ше?

 

– Апамның есімі Рәхима. Жанұясында бес қыздың үлкені болған. Өзі жеті рет құрсақ көтерген. Апамыз өте арманшыл адам еді. Түнде жатар алдында балаларына «Кеңес баламның мәшинесіне мініп алып, Келіс баламның үйіне бардық. Оның көлігіне мініп алып..» деп армандап, айтып отырады екен. Ол кезде ауылда көлік ешкімде болмайтын. Кейін балаларының барлығы білімді азамат болып өсіп, олар апама  «сіздің ертегіңіздің бәрі шындыққа айналды» дейтін. Апам үлкен ағаларымның қызығын көріп кетті. Бірақ ол кісіге мен көп жақсылық жасап үлгермедім. 1991 жылы докторлық диссертациямды қорғадым, 1992 жылы қаңтарда апам қайтыс болды. Сонда ол кісі менің тек сол докторлығымды және кей жетістіктерімді ғана көре алды. Бірақ қолым аузыма жетіп, аяққа тұрып, жақсы тұрғанымды көрмеді. Алайда 1989-90 жылдары ғылыми кәсіппен айналысып жүргенімде, апамыздың 75-ке таяп қалған кезі еді. Үлкен балаларының бәрі ауқатты болса да, неге екенін білмеймін, біреуі апамызға алтын тақпапты. Содан өзімнің алғашқы тапқап қомақты қаржыма апама алтын алып бердім. Ағамның көлігін сұрап алып, апамды көлікке отырғыздым да зергерлік дүкенге апардым. Сөйтіп өзіне ұнағанын таңдап алды. Қатты қуанып қалды. Себебі ол кісі сәнқой жан еді. Әсемдікті, сұлулықты сүйетін. Үйде отырса да, күніне екі-үш рет киімін ауыстырып киетін. Тіпті, мата алып келіп берсең, жарты сағатта көйлек тігіп алатын.

 

Апамыз сауатты болмаса да, оқуға өте құштар болды. Сол құштарлығымен балаларының біліміне баса назар аударып, бәрін оқытты. Бәріміз жоғарғы білім алдық.

 

– Әкеңіз түрмеге түскенде анаңыз төрт баламен қалып, қиындық көрген шығар...

 

– Соғыс кезінде балабақша бастығы қызметін атқарған. Ал әкем түрмеге түскенде, апамыз төрт баламен қалып, тігін тігумен күн көрген. Тек киім тігіп қана қоймай, балаларға қуыршақ тігіп сатуы екен.

 

Ағаларыңыз туралы сөз қозғап жатырсыз. Оларды тізбектеп айтып шығыңызшы.

 

– Ең үлкен Кеңесбек деген ағам менен 20 жасқа үлкен. Осы Алматыда журналистика мамандығын тәмамдаған. Өлең жазатын, шығармашыл адам еді. Бірақ 2-курс оқып жүргенінде әке-шешеміз оны ауылға шақырып алып, үйлендіріп, оқуын сырттай бітірткізген. Басында «Коммунистік еңбек» деген аудандық газетте істеді. Кейін ұстаздық қызметке ауысты. Педогогтық қызметінде директорлық лауазымға дейін көтерілді. Мен оқып жүргенде, мектепте директордың орынбасары болды. Сондай-ақ география, қазақ тілі және әдебиеті пәнінен дәріс беретін. Мен барлық сабақты беске оқыдым. Тек осы Кеңес ағам ғана гоеграфиядан «4» деген баға қоятын. Үйге келіп апама «сенің балаң оқи алмайды, бүгін төрт алды» дейтін (күлді).

 

Бірақ Кеңес ағам әр туған күніме ерекше сыйлықтар сыйлайтын. Бірде туған күніме фотоаппарат алып берді. Сосын келесі туған күніме дейін «суретке түсіріп үйрен» деп тапсырма беретін. Тағы бір туған күніме араб тіліндегі оқулықты сыйға тартты. Содан кейін мен арабша жазуды үйренуім керек болатын. Осылайша, мені Кеңес ағам танымдық дүниелерге баулитын. Сондай-ақ оқыған кітаптарымыздың тізімін жасап, жанына ол кітап не туралы екендігін жазатынбыз. Ай сайын кем дегенде бір кітап оқитынбыз. Соның бәрін Кеңес ағам бақылап, тексеріп отыратын. Әке-шешеме «Капитан Гранттың балалары» деген кітап ұнайтын. Соны күнде бір сағат дауыстап оқитынмын. Жалпы, менің кітапқа, оқуға деген құштарлығымды ашқан осы Кеңес ағам. Кейін 70 жасында Кеңес ағам ауырмай-сырқамай бірден қайтыс болып кетті. Артынан алты баласы қалды.

 

Одан кейінгі ағам Келіс өте сымбатты азамат еді. Өз-өзін қатты күтетін. Апамыз секілді сәнқой болатын. Апамыз да Келісті бәрімізден ерекше жақсы көретін. Ол да апамызды ерекше құрметтейтін. Келіс ағам биыл наурызда қайтыс болды. Қайтыс болғанда, марқұмның киімін таратады емес пе?! Содан сол Келіс ағамның киімін таратайық деп жинап қарасақ, киімдерінің бәрі ашық реңді екенін байқадық. Барлық киімі қызылды-жасыл, көк түсті костюмдер екен.

 

Келіс өмір бойы Алматыда жұмыс істеді. Министрлікте негізгі бөлімнің басшысы қызметін атқарды. Өте әдемі өмір сүрді. Қаланың шет жағын жек көретін. Тек орталықта жүретін. Әсіресе, мына Жібек жолы, Панфилов көшелерінде күніне бір-екі сағат серуендейтін. Сексенге келген шағында көшеде қыдырып жүрсе, қыздар өздері келіп танысатын (күлді).

 

Жасы сексеннен асқанда о дүниеге аттанды. Қазір балаларының тұрмысы жақсы. Екі баласы шетелде: бірі Америкада, енді бірі Англияда. Тағы екеуі осында. Әкелерінің соңғы жылдарында бәрі жанынан табыла білді. Әсіресе, Америкадағы Аида деген қызы әкесіне жеке күтуші, аспаз жалдап, ақшасын төлейтін. Күнде таңертең әкесіне хабарласатын.

 

Келістен кейін ағамның есімін анам кітаптан оқып Қамарылзаман деп қойған екен. Ол саудамен айналысты. Бірақ кейін 59 жасында қайтыс болып кетті. Артынан балалары қалды.

 

Төртінші ағамның есімі Жамбыл. Жамбылмен арамыз 10 жыл. Ол таксопаркте жұмыс істеді. Балалары бар. Ол ағам өте мейірімді еді. Барлығы оның үйінен шықпайтын. Менің балаларым оны «аташка» дейтін. Өз аталарын көрмеген соң, осы Жамбыл ағамды атасындай көретін. Тіпті, бұрын сол ағамның үйінде жүргенде қызымды ұрысып қалсам «Бұл үйде не істесем де рұқсат. Атам бар қасымда» деп шығатын (күлді). Сөйтіп, Жамбылдың көзі тірісінде бәріміз соның үйінде улап-шулап жүретінбіз. Бәріміздің басымызды қосатын да сол еді. Бірақ ол 63 жасында бақилық болды.

 

Осы ағаларымның арқасында мен студенттік шағымда не ішемін, не жеймін деп еш ойламадым. Ол кезде киім де, дәптер де тапшы болатын. Алайда соның бәрін ағаларым алып беретін. Жора-жолдастарыммен бір жаққа бару керек болса, көлігін бере салатын.

 

Содан кейін мен, менен кейін қарындасым дүниеге келді. Қарындасым Роза Аллаға шүкір, аман. Қазір Астанада тұрады. Өзі менен бір жыл он айға кішкентай. Ол Алматыдағы Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетін бітірген. Бірақ отыздан асқаннан кейін жұмыс істеген жоқ. 5 құрсақ көтеріп, бала тәрбиесімен үйде отырды. Күйеуі Еркін де өте жақсы азамат. Қазір енді ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, келіндері қолында.

 

– Ағаларына еркелеген бұзық бала болған жоқсыз ба?

 

– Ерке болсам да, бұзық болмадым. 30 жасыма дейін арақ, шампанское дегенді татып көрмедім. Студент кезімде өзіммен бірге оқыған жігіттерден екі-үш жас кіші болдым, сондықтан олар мені бала көретін. Өздері ішіп отырса да, маған ішкізбейтін, жақындатпауға тырысатын. Өзім де ішімдікке аса бір қызықпадым.

 

– Ал мектеп қабырғасындағы шақтарыңыз есіңізде ме? Ғылымға сол кезден бастап қызықтыңыз ба?

 

– Мектепте сабақ үлгерімім жақсы болды. Алты жасымнан мектепке бардым. Үшінші сыныпты оқымадым. Бұрын ауылда орын аз, балалар көп болатын. Сондықтан бір сыныпта бірінші және үшінші,  бір сыныпта екінші және төртінші сынып бірге оқитын. Сол кезде мен бірінші сынып оқып жүріп, үшінші сыныптың бағдарламасын қоса меңгеріп алатынмын. Сөйтіп мен үшінші сыныпты оқымай, 15 жасымда мектепті бітірдім.

 

Енді, ауылдың жағдайымен ғылымға кішкентайымнан жақын болу мүмкін емес еді. Бірақ «кім боласың?» дегенде ылғи «профессор боламын» дейтінмін. Ол кезде профессор дегеннің не екенін дұрыс түсінбеген де шығармын...Бірақ өте жақсы оқыдым. Бастауыш сыныпта аздап еркелеп сабаққа бір барып, бір бармай жүрдім. Бірақ алтыншы сыныптан бастап, сабаққа ден қоя бастадым. Тоқсандық бағамның барлығы «бестік» болатын. Үйіміз бен мектептің ара қашықтығы үш километр. Үйге жеткенше үй тапсырмаларын ойша орындап қоятынмын. Кейін үйге келіп, тез-тез жаза салатынмын.

 

Бізде бір мұғалім болатын. Кейде келеді де, бір-екі ай бұрын өткен тақырыпты сұрайтын. Сонда жалғыз мен ғана айтып беретінмін. Себебі мен жаттамай, шынымен қызығып оқитынмын. Сондықтан мектептен де, университеттен де таза білім алып шықтым деп айта аламын. Тіпті, қазірге дейін қазақ тілінің септеуліктерін жатқа айтып бере аламын (жымиды).

 

– Ал сурет салу деген секілді қызығушылықтарыңыз бар ма еді?

 

– Жоқ, сурет мүлдем сала алмаймын. Сызу деген сабақтан да қиналатынмын. Ешқандай аспап ойнай алмаймын. Бірақ әнге әуестігім бар. Дастарқан басында, өзіміздің арамызда ән айтамын. Әнді дұрыс айтамын, бір ырғақтан қателесіп жатсам, оны өзім бірден байқаймын. Әнге бейімділігім балаларыма да дарыды. Немерелерім бірінен-бірі асқан талант иелері.

 

– Сөйтіп, 15 жасыңызда Алматыға оқуға келдіңіз, солай ма?

 

– Біздің ауылда, яғни Шымкент жақта «танысың болмаса, оқуға түсе алмайсың» деп ойлайды. Ағамның темір жол институтында танысы бар екен. Содан сол жаққа тапсырайын деп едім, медициналық тексеру кезінде көзіме бола өтпей қалдым.

 

Ол кезде апамның сіңлісінің екі баласы да оқу бітіріп, үшеуміз қалаға келгенбіз. Үшеуміз қаладағы ағамыздың үйінде дайындалып жатқанымызда, нағашы әпкеміз «Нархозға барасыңдар, есепші боласыңдар» деді. Сөйтіп тапсыруға екі-үш қалғанда, ағам Келіс келіп қалып «қайда тапсырып жатырсың?» деді. Мен «Нархозға тапсырғалы жатырмын» деп едім, ол қатты ашуланып кетті. Сосын ол кісі «Нархозда не істейін деп жатырсың? Биыл түспесең, келесі жылы түсерсің, жүр» деді де, КазГУ-дің негізгі корпусының алдына апарды. Сөйтіп химия, физика, математика үшеуінің біреуін ұсынды. Қарасам, абитуриенттің көбісі химия бөліміне барып жатыр екен. Сосын мен де жұрттан қалмайын деп химияны таңдадым (күлді). Содан әпкем де әлгі екі баласының құжаттарын Нархоздан алып, «не де болса, бірге жүріңдер» деп  КазГУ-ге тапсырып тастады.   

   

Емтихан үш күн өтті. Бірінші күні әпкемнің қызы, екінші күні ұлы тапсырса, үшінші күні мен тапсыратын болдым. Дайындалайық десек, не кітабымыз жоқ. Сөйтіп дайындалмаған күйімізде емтиханға кіріп кеттік. Бірінші күні бөле әпкем «Бәрін айтып бердім, бірақ маған екі қойды» деп екі алып шықты. Екінші күні бөле ағам кіріп, ол да дәл солай екі алып шықты. Содан мен «шынымен танысың болмаса, түсе алмайды екенсің ғой» деп ойладым да, емтиханға  бармаймын дедім. Ертесі таңғы жетіде ағам келіп, желкемнен ұстап алып, «құласаң құлап шығасың» деп кабинетке ең бірінші лекпен кіргізіп жіберді. Емтиханға кіріп, билетімді алып, мектепте оқығанымның бәрін сол жерде айтып бердім. Бірақ есебін шығара алмадым. Себебі ауылда есеп шығармайтынбыз. Содан бір мұғалім маған төрт қояйық деді. Ал екінші мұғалім «жақсы жауап беріп тұр ғой, тағы бір-екі сұрайық» деді. Сөйтіп олар маған алдымен бір есептің шығару жолын көрсетті. Кейін артынан сегіз есеп берді. Бәрін шығарып тастадым. Сөйтіп маған «бес» деген баға қойды. Университеттің алдындағы баспалдақ үлкен болатын. Қуанғаным соншалықты сол баспалдақтың басынан аяғына дейін  секіре салып, ағамның үстіне жармастым. Осыдан кейін ғана мен шынымен оқыған балаларды емтиханнан құлатпайтындығын түсіндім. Себебі оларға да оқыған, білімді студенттер керек.

 

Сөйтіп, сабағымды жақсы оқып, жоғарғы шәкіртақы алатынмын. Лекцияларда белсенді қатысып отыратынмын. Бәрін лекция кезінде ұғып алып, үйге келгенде демалатынмын. 20 жасымда оқуымды тәмамдап шықтым.

 

Алғашқы болып сол мембраналар арқылы металлургияны тазалау әдісін зерттеп, қолданған адаммын

 

– Студенттік  кезең махаббат хикаясысыз өтпейді ғой. Алғашқы махаббатыңыз туралы айтып беріңізші.

 

– Әрине, махаббат хикаясын бастан өткердім. Студент кезімде Жамбыл ағам үйленді. Жеңгемнің Жаңыл есімді сіңлісі де студент еді. Менен екі жасқа үлкен. Сол Жаңылға ғашық болдым. Ол да мені ұнатты. Екеуміз ұзақ уақыт бойы араластық. Бірақ екеуміз туысқан сияқты болатындығымызды түсініп, қосылмадық. Алайда Жаңылмен әлі де араласып, сыйласып тұрамыз. Менің әйеліммен де құрбыдай сырласады. Қазір ол Астанада тұрады. Күйеуі былтыр қайтыс болды.

 

– Оқуды бітірген соң, немен айналыстыңыз? Алғашқы қызметіңіз?

 

– Біздің үйде ешкім ғылыммен айналыспаған. Ғылыми зерттеу институттарын көрмегенбіз. Сол себепті мен ғылыммен тек университетте ғана айналысуға болады деп ойладым. Сөйтіп, университетте жұмыс істеп қалғым келді, бірақ химия кафедрасына орын болмай мені қалдырмады. Бірақ  1972 жылы Қарағандыда университет ашылды. Ол университеттің ректоры Е.А.Бөкетов менің нағашы әпкемнің жездесі  болатын. Әпкем сол кісіге хабарласып, мені «жақсы оқыған, химияны бітірген» деп жұмысқа ұсынды. Кейін ол кісі «желтоқсан айында келсін» деді.

 

Желтоқсанның -45 градус қақаған суығында әкем алып берген тонды киіп алып, Қарағандыға жол тарттым. Ол жақ Алматыдан көп суық екен. Университетке барсам, химия факультетінде орын жоқ екен. Оның үстіне оқу жылының аяғы. Сөйтіп жаңа жылға дейін уақытша студенттерге кино көрсететін лабораторияда істедім. Лабораторияда істеп жүріп, кино көрсетуді, кино аппараттарды қосуды үйреніп алдым. Оның үстіне жылдың соңында келген соң, ешкімді танымаймын ғой. Түнде лабораторияға келіп алып, кино көріп уақытымды өткізетінмін.

 

Кейін жаңа жылда ректорға барсам «Химия факультетінде әлі бос орын жоқ. Бірақ осында химия метталлургия институты бар, сол жаққа бар» деді. Мен енді ол институтқа бармас едім. Бірақ Қарағандыға кетерімде ағаларымның бәрі қарсы болды. Ағаларымның бірі жұмыс бабымен Талдықорғанға көшіп, Алматыдағы үш бөлмелі пәтерін маған берді. Алайда мен оған да қарамай, бәрін тастап Қарағандыға кетіп қалдым. Енді жұмыс таппай қайтып баруға намыстанып, ректор айтқан ғылыми институтқа барып көруге шешім қабылдадым. Бірақ осыдан кейін ғана ғылымның негізі университетте емес, институттар да екенін түсіндім.

 

– Ол қандай институт?

 

– Қаныш Сәтпаев ашқан химия метталургия институты. Бұрын Евней Букетов институттың  директоры болған, кейін университетке ауысып кеткен. Сөйтіп 1977 жылы тура өзімнің туған күнімде, яғни 11 қаңтарда институтқа жұмысқа орналастым. Ол жерге тарыдай болып кіріп, таудай болып шықтым. 16 жыл қызмет атқарып, 1992 жылы қайта Алматыға келдім. 1991 жылы докторлығымды қорғаған соң, 1992 жылы  іссапармен Алматыға келдім. Ол кезде осы «ҚР минералды шикізатты кешенді ұқсату бойынша ұлттық орталығын» құрып жатқан кез болатын. Сол бойынша келіп, 1993 жылы орталық құрылып, осында жұмысқа орналастым. Мен бұл орталықтың ең бірінші қызметкерімін.

 

26 жылдан бері орнымнан тапжылмай осы орталықта жұмыс істеп келемін. Әрине, әртүрлі ұсыныстар келді. 1997-1998 жылы министрлік жұмысқа  шақырды. Мен оған келістім, бірақ түбінде ол жұмыс болмай қалды. Бірақ ол жұмысқа да жастықтың лебімен келісе салған сияқтымын. Кейін есейіп, ақылым кіре бастағанда тағы сол секілді министрдің орынбасарларының қызметіне шақырғанда мен келіспедім. Себебі қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Басқа ұсыныстардан бас тартқаныма еш өкінбеймін. Өйткені осы салада мен көптеген жетістіктерге жеттім. Ал министрлікте  мен не жетістірерімді құдай білсін?!

 

– Институтта алғаш немен айналыстыңыз? Қандай жаңалық аштыңыз?

 

– Ол институтта ғылыми зерттеу жұмыстары өте жақсы жолға қойылған. Букетов менің ғылыми жетекшім болды. Ол кісі университетте істеп жүрсе де, әр сәрсенбі күні келіп, консультация өткізетін. Сөйтіп маған алғаш Балқаштағы мыс өндірісінің проблемаларын қарастыруды тапсырды.      

 

Мысты бірінші рет  алғанда құрамында керек емес заттар болады. Оны тазалау үшін ерітіндіге батырып, электр тогымен ерітетін. Сосын қайтадан металлға айналдырып отырғызатын. Сол екі арада құрамындағы керек емес заттар тұнбаға түсіп қалады. Кейбіреулері ерітіндіде қалып қалады. Сол ерітіндіде қалып қалған қалдықтарды, жинап тазалау керек. Міне, маған осы жұмысты тапсырған. Енді, бұл басқалар да айналысып жүрген жұмыс қой. Алайда мен басқалардан оны тазалау әдісімен ерекшелене алдым.

 

Полимерден жасалатын мембрана дейтін пластинкалар бар. Олар кей заттарды өткізеді, ал кейбір заттарды өзінен өткізбейді. Мәселен, теріс зарядталған иондарды өткізеді, ал оң зарядталған иондарды өткізбейді. Міне, сол материалды бұрын суды тазалауда ғана қолданған болатын. Ешкім металлургияда пайдаланып көрмеген. Бұрын тұнбаға түсіріп қана тазалайтын немесе төгіп тастайтын. Ал мен алғашқы болып сол мембраналар арқылы металлургияны тазалау әдісін зерттеп, қолдандым. Сондай-ақ төгіп тастаудың алдын алдым. Кейін осы тақырып аясында өзімнің кандидаттығымды да, докторлығымды да қорғадым. Өте үлкен жетістіктерге жеттік. Біраз жұмыстар өндіріске енгізілді.

 

Алайда ғылыми институт шетелдіктердің қолына берілгеннен кейін бұл әдісімді алып тастады. Кейін оның пайдасын түсініп, маған қайта хабарласып «қайта сол әдісті қолға алайық» деді. Бірақ мен бармай қойдым.

 

– Неге бармай қойдыңыз?

 

– Себебі ол институт шетелдіктерге өткен соң,  олар менің жұмысымды ілікке алғыссыз етіп, ит қосып қуып шыққан болатын. Менің 16 жыл уақыт жұмсаған зерттеуімді керексіз етіп көрсетті. Ал кейін қайта өздері сұрады.

 

– Ал сіздің еңбектеріңіз лайықты бағасын алды ма?

 

– Комсомолдың көптеген марапаттарын алдық қой. Ол кезде «молодой гвардеец пятилетки» деген алтын, күміс, қола төсбелгілер берілетін. Соларды алдым. Содан кейін 1981 жылы 25 жасымда «КСРО-ның өнертапқышы» деген атақ алдым.

 

– 25 жаста «КСРО-ның өнертапқышы» деген атаққа жету екінің бірінің қолынан келе бермейді ғой..

 

– Иә, ол кезде қаражат бермесе де,  жетістіктерімізді марапаттап бағалайтын.

 

«ҚР минералды шикізатты кешенді ұқсату бойынша ұлттық орталығының алғашқы қызметкерімін

 

– Осы тұста сұрайыншы, 1986 жылы желтоқсан оқиғасы кезінде жасыңыз 30-да екен. Сол кезде сіз қайда болдыңыз?

 

– Ол жылдары мен Қарағанды университетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқардым. Сол кезде мен Мәскеуге ұшып кеткенмін. Мәскеуге жетіп, қонақ үйге барсам адамдар «Алматыда көтеріліп жатыр» деп сыбырласып айтып жүр. Басында не болып жатқанын түсінбедім. Кейін мән-жайды түсінген соң, бірден Қарағандыға қайта ұшып келдім.

 

Желтоқсан оқиғасына біздің университеттің де студенттері қатысыпты. Содан университеттің жатақханасын түнімен күзете бастадық. Сонда бір қызығы, РАЙКОМ-ның хатшылары келіп, біздің мұғалімдердің арасынан орыстарды ғана шақырып сөйлесетін. Ал бізге ештеңе айтпайтын. Бізге сенбейтін. Содан мен де біздің студенттерге «сендерден не сұраса да, ештеңе айтпаңдар» деп айттым. Бірақ енді олар бала емес пе?! Қорқытқан ба білмеймін, бәрі бірін-бірі сатып жіберген ғой.

 

Университеттің бүкіл кафедра, факультеттерінде партком хатшылар орыс кісілер болатын. Содан барлық кафедраларда жиналыстар өтіп, барлығына желтоқсанға қатысқан студенттерді айыптап жазып, қол қойып, студенттерді оқудан шығартқызып жатты. Бірақ мен «жұмыстан шығарсаңдар шығара беріңдер, бірақ мен қол қоймаймын» деп бас тарттым. Студенттерді де оқудан шығармадым.

 

Бұл оқиғадан кейін жарты жыл өтті. Кешке келіп оқитын бір орыстың қызы болатын. Күйеуі шахтада қайтыс болып, екі баласымен жалғыз қалған екен. Жағдайын түсініп, мұғалімдерді жинап «мына қызға көмектесейік, оқуын бітіріп шықсын» дедім. Бірақ ол қыз мүлдем оқымайтын, түк білмейтін. Өзінің де дұрыстап оқуға ынтасы болмады. Сәйкесінше бағалары да төмендеген. Сол қыз кенеттен «мен орыс болғаннан кейін бұлар маған баға қоймай жатыр» деп жала жаба бастады. Міне, сол кезде мен оны оқудан шығарып жібердім.

 

Осы Желтоқсан оқиғасынан кейін университетке қайта кіргім келмеді. Балалардың алдына баруға ыңғайсыздандым. Сөйтіп 1987 жылы қайтадан химия металлургия институтына кетіп қалдым.

 

– Сонда жұмыстан шығарып жібереді деп қорықпадыңыз ба?

 

– Менен басқа қол қоймағандар бар ма, әлде жоқ па білмеймін. Өз басым соңына дейін қол қоймадым. Басшылар кіріп, айтып жатса да, бой бермедім. Жұмыстан шығу-шықпау туралы еш уайымдаған жоқпын. Себебі мен жұмысымды тиянақты істедім. Аналитикалық химия кафедрасы 10 жыл бойы меңгерушісісіз жұмыс істеп, университеттегі ең нашар кафедрасы болған. Ал мен бір жыл ішінде ол кафедраны бірінші орынға шығардым. Комсолдың белсендісі болдым. Сондықтан маған тиісе алмады. Одан бөлек ол кезде жаспын ғой. Жалындап жанып тұрған кезім. «Шығарса, шығара берсін» деп айтқанымнан қайтпадым.

 

– Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ-орыс  арасында түсініспеушіліктер туындаған жоқ па?

 

– Желтоқсан оқиғасынан кейін, біздің институттың директорының орынбасары Виталий Павлович Малышев деген профессор «Мен бізде бәрі дұрыс деп ойлағанмын. Бірақ олай емес екен. Мен бәрін саралап қарап шықтым. Бізде қазақтардың бәрі лаборатория басшылар, ал орыстар токарь секілді қара жұмыспен айналысады екен» дейді. Содан мен бірден «Виталий Павлович, қай қазақ меңгеруші өз жұмысын лайықты атқара алмайды? Ал қай орыс меңгеруші болуға лайықты, бірақ орыс болғаны үшін ғана токарь болып жұмыс істеп жүр? Бұл сөзіңізбен не айтқыңыз келіп тұр?» деп едім, ол кісі үндемей қалды. Міне, осындай кішігірім кикілжіңдер болған.

 

– 1992 жылы Алматыға келіп, 1993 жылы «ҚР минералды шикізатты кешенді ұқсату бойынша ұлттық орталығының» алғашқы қызметкері болдыңыз.  Одан кейін жұмыс қалай жүрді?

 

– Совет үкіметі ыдырағаннан кейін «қазақтың ғылыми мекемелерімен не істейміз?» деген сұрақ туындады. Сол кезде министр Әбілсейтов Нұрсұлтан Назарбаевқа «әртүрлі салалар бойынша ғылыми мекемелерді қадағалайтын орталықтар құрайық» деп ұсынды. Назарбаев келісіп, жеті орталық құрылады деген шешім шықты. Бірақ оның төртеуі ғана құрылды. Себебі ғылым  академиясы ол орталықтардың құрылуына   қарсы болды. Содан Мәскеудегі министрлікке, Қазақстандағы академияға бағынатын бүкіл тау-кен бағытындағы бес институтты бір орталыққа, яғни біздің орталықа бағындырды. Мен сол орталықтын бас  директорының орынбасары болып тағайындалдым.


– Бірден бас директордың орынбасары болдыңыз ба?

 

– Иә. Негізі мен басқа орталықтың директоры болуым керек еді. Бірақ ол орталық ашылмай қалып, осы орталыққа орынбасар ретінде тағайындалдым.

 

Ол кезде ҚР минералды шикізатты кешенді ұқсату бойынша ұлттық орталық мұндай үлкен ғимарат емес еді. Мына менің кабинетімдей, бір-ақ бөлме еді. Директор, мен, есепші тағы бір-екі адам бір бөлмеде отырып жұмыс істейтінбіз.

Бүгінде сол ашылған төрт орталықтан жұмысын қарқынды жүргізіп келе жатқан біз ғана қалдық. Қалғанының бәрі жабылып қалды.

 

Меніңше, бұл орталықты ашу өте дұрыс шешім. Себебі біз 25 жылдың ішінде көптеген жетістіктерге жеттік. Биыл ғана 25 жылдығымызды атап өттік. Мерейтойымызға шетелден көп адамдар келді.

 

Шетелде біздің технологиямен 3,5 миллиард долларға заводтар салынған

 

– Сонда бұл орталықтың мақсаты не?

 

– Бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан, бар ғылыми мекемелердің Совет уақытындағы деңгейін түсірмей, ары қарай қарқынды жұмыс істеуін қадағалау. Бұл мақсатты біз  толығымен орындадық. Онымен қоса, біздің жұмысымыз – қаржыландыру. Қаржы министрлігі қаржыны бізге бөледі. Біз ол қаржыны ғылыми мекемелерге бөліп береміз. Оны да дұрыс, тиімді жобаларға жұмсау керек. Әрине, кез келген ғалым өзінің жұмысын жақсы жағынан көрсетуге тырысады. Кей ғалымдар әдемі сөйлеу біледі, бірақ артында жұмысы жоқ. Ал біздің міндетіміз- сол жұмыстардың ішінен ең тиімді, пайдалы, мңыздысын таңдап алу. Себебі бәріне бірдей ақша жетпейді ғой.  Дұрыс таңдамасақ мекемені деңгейі де түседі, қаражат та босқа кетеді.

 

Бірақ құдайға шүкір, біздің мекемелердің деңгейі жоғары. Дүниежүзі мойындайды. Мәселен, кеше ғана бес елмен кездестік. Бұйырса жақында біздің технологиямен шетелдіктер тағы завод салмақшы. Қай ел қай жерге салып жатқанын әзірше жазбағаның дұрыс шығар. Себебі саяси жағынан күрделі мәселеге айналып кетуі мүмкін.

 

– Сонда біздің елдің ерекшелігі технологиясында ма?

 

– Иә, 20 жылдың ішінде біздің технологиямен көптеген елдерде заводтар салынды. Мысалы, Канада, Қытай, Бразилия, Ресейде біздің технологиямен 3,5 миллиард долларға заводтар салынған. Бүгінде сол заводтар жыл сайын шамамен 4 миллиард долларға өнім шығарады.

 

Бірақ бұрындары біздің саудаласу, сату тәжірибиеміз болмады ғой. Бізден технологиямызды тегін алса да қуанып, беруге дайын тұрдық. Бірақ соның арқасында біз абырой жинадық. Ал қазір технологиямыз үшін үлкен ақша сұрап, саудаласамыз. Шетелдіктерден кем баға сұрамаймыз.

 

 Ал біздің елдегі заводтардың жағдайы қалай?

 

 Бізде алтын, ферро қорытпа, қорғасын бойынша заводтар бар. Олардың тең жартысы біздің технологиямен жұмыс істейді.

 

 Сонда біздің технологиялар шетелдіктерді несімен қызықтырады?

 

 Ол әркезде әрқалай. Мысалы қорғасын технологиясын айтайын. Негізі кенді  балқытар алдында, бірінші отқа жағып алады. Отқа жағатын агрегат біреу, балқытатын агрегат бөлек. Ал біздің технологиямыздың ерекшелігі – біз осы екі агрегатты біріктірдік, яғни бір аппаратқа қостық. Мұны дүниежүзі бойынша бірінші болып біздің ел жасады. Қытай бізбен осы технологиямыз үшін сегіз жыл саудаласып, соңында екі рет (екі компания) сатып алды.

 

 Жоғарыда ғылыми мекемелерге қаржы бөлінеді деп қалдыңыз. Мемлекет тарапынан қаншалықты қаражат бөлінеді? Жеткілікті ме?

 

 Біз негізі Ғылым министрлігінде емеспіз. Олар ақшасын өздерінің институттарына береді де, қалғанын ғана бізге береді. Енді көп-аз деп айтпаймын. Қазір бір айда бір адамға үкіметтен бөлініп жатқан қаржы – 15-20 мың теңге.

 

 Аз ғой?

 

 Өте аз. Бізбен қатар басқа институттар айына 100-150 мың, кейде 500 мың  алады. Біз де солар секілді мекемеміз ғой. Тіпті, олардан да жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Қазір өзіміздің өндіріс мекемелерімен қатынасымыз жақсы болғандықтан, олар бізге технологиялар тапсырыс береді. Тапсырыстарды жасап, соның арқасында айлығымызды басқалардан кем алмаймыз. Бірақ біз үкіметтің емес, өзіміздің ақшамызға күн көріп жатырмыз. Сондықтан үкімет бізге аз қаржы бөледі деп айтуға толықтай құқығым бар.

 

Егер үкімет көмектессе, біз бұдан да қарқынды жұмыс істейтін едік. Шетелдіктермен одан да үлкен сомаға саудаласатын едік. Себебі кейде қаражаттан қысылғанда, аз қаражатқа келісуге мәжбүрміз. Сондықтан үкімет  бұдан да көбірек қолдағаны абзал.

 

Бірақ соңғы 4-5 жылда министрлік ғылым саласына қаражатты азайтты. Бүкіл дүниежүзіндегі елдер бойынша ғылымға ең аз ақша бөлетін біздің мемлекет. Тіпті, Өзбекстан, Қырғызстаннан да төменбіз. Мен Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның мүшесімін, ол комиссияның басшысы  Премьер министр. Соның жиынында басқада ғалымдармен бірге мен де осы мәселені айттым. Олар қарастырамыз деп уәде берді, күтеміз.

 

Мекемедегі қызметкерлерімнің әлеуметтік жағдайын Норвегия еліндегідей жасағым келеді

 

 Ғылым саласында жас мамандар көп пе?

 

 Біріншіден, жастарды ғылымға қызықтыратындай айлық төленбейді. Айлық аз. Екіншіден, кезінде біз бұқаралық ақпарат құралдарынан Букетов секілді ғалымдар туралы оқып, соларға қызығып, ғылым саласына келгенбіз. Ал қазір ондай жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары да ғалымдарды дәріптемейді. Оларды білмеген соң, сәйкесінше жастар да ғылымға қызықпайды. Ақшасы, беделі болмаса не үшін ғылымға араласады?

 

Бірақ ғылым саласында жастар жоқ деген сөз емес. Бүгінде жастар да ғылыммен айналысып, мекемемізге өздерінің технологияларын ұсынып жатыр. Мен мекемеде қызметкерлерге  «егер сенің технологияң өндіріске кіріп жатса, онда сенің тапқан ақшаң сенікі» деп айтамын. Яғни барлығы өзіне байланысты. Мысалы, менің қарамағымда менен  көп айлық алатын адамдар бар.

 

 Аға, жеке өміріңізге қайта оралайықшы. Қашан отау құрдыңыз?

 

 Мен екі рет үйленгенмін. Бірінші әйелімнің есімі Светлана Дүйсенбаева. Онымен химия метталлургия институтында бірге істедік. Сол жерде танысып, 1979 жылы үйлендік. Светлананың ұлты қазақ. Кезінде әкесі соғысқа қатысқан, Сталинді жақсы көрген. Содан қызының атын Светлана деп қойған екен. Светлана мемлекеттік сыйлықтың иегері, ғалым. Қазір зейнеткер. Онымен 1992 жылға дейін бірге тұрдық.

 

Светланадан Диана және Алмас деген екі балам бар. Қазір Диана 38 жаста. Ол Нархоз университетін тәмамдаған. Ал Алмас ұлым 33 жаста. Ол металлургияны бітірді.

 

Кейін тағдырдың жазуымен екінші рет үйлендім. Ол әйелімнің есімі Зәуре. Ол мен университетте жұмыс істеп жүргенде тапқан олжам (күлді). Зәуре менің студентім болды. Мен оны университеттің коридорында көріп қалып, бір көргеннен ғашық болып қалғанмын. Үздік студенттердің бірі, «бестік» деген бағаға оқыды. Менің оның дипломдық жұмысының жетекшісі болдым. Ол студенттік шағында өте белсенді әрі өте әділ еді. Комсомолдың хатшысы болып жүріп, жиында «Комсомол комитетінің жұмысын қанағаттандырарлық емес деп бағалайық» деп айтқаны есімде. Оны ол сөзі үшін комсомолдан, одан кейін оқудан шығарып тастауы мүмкін еді. Ал ол болса артын ойламай, тіке айта салатын. Әйтеуір, кафедра меңгерушілері бәріміз жабылып жүріп, «жоқ, жақсы бәрі» деп әрең реттегенбіз (күлді).

 

Алматыға көшкен соң, Зәуре төрт-бес жыл университетте жұмыс істеді.  Кейін қызымыз алты жасқа толды. Ол биге қатысатын. Күнделікті оның жаттығуларында, жарыстарында қасында жүру керек болып, жұмыстан шығып кетті.

 

 

Зәуреден Адияр деген ұлым және Жәния деген қызым бар. Адияр Нью-Йоркте университетте оқыды. Оны бітіріп, үйленіп, қазір Сан-Францискоға магистратура оқуға кетті. Оның мамандығы табиғи ресурстарға байланысты.

 

Ал Жәния 10 жасынан бастап шетелде тұрып, Швейцариядағы би академиясында оқыды. Сол барған жылы бірден Швейцария чемпионы атанды. Содан кейін оны итальян жаттықтырушылар байқап, Италияға алып кетті. Сол жерде жүріп әлем вице-чемпионы атанды. Кейін АҚШ-қа барып голливуд жұлдыздарына хореографиядан сабақ берді. Одан соң Барселонаға оқуға түсті. Оқу басталардың алдында бір айға каникулға келді. Жарты ай өткен соң «мен Барселонаға бармаймын» дейді. Сөйтсем, бір жігітті кезіктіріп, бірін-бірі ұнатып қалыпты. Содан елде қалып, үш-төрт айдан кейін тұрмысқа шықты.

 

Бір қызығы, Жәния қазаққа тұрмысқа шығады деп  еш ойламаппын. Себебі ол бала күнінен шетелде тұрды. Оның ана тілі- ағылшын тілі. Испанша, итальянша, орысша  сөйлейді. Бірақ түбінде қазаққа тұрмысқа шығып, қазір Қазақстанда. Жасы 22-де, бір баласы бар. Бірақ баласы қазір біздің қолымызда. Себебі ол концерттер де, гастрольдерде көп жүреді.

 

 Немерелеріңіз көп пе?

 

 Онға жақындап қалды. Үлкен немерем тұрмыста. Оларға жиі көңіл бөлуге тырысамын. Үйлеріне барып, алып кетемін. Қолымыздағы жиен немеремді ерекше жақсы көремін. Өзі кішкентай, жеті айлық. Таңғы алтыдан сегізге дейін өзім қараймын. Күн жылығанда далада серуендейміз.


 Аға өз жасыңыздан жас көрінесіз. Оның сыры неде? Әлде дұрыс тамақтану режимін ұстанасыз ба?

 

– Зәуре көп майлы жегізбеуге тырысады. Бірақ мен оған «жарайды, үйде не берсең жейін. Бірақ қонақта отырғанда маған тиіспе» деп айтамын (күлді). Арақты іше аламын, темекі тартпаймын.

 

 Ішімдік жиі ішесіз бе?

 

 Жоқ, сирек ішемін. Көбінесе жұмыс бабымен ішуге тура келеді. Мысалы, кеше кездесуде шетелдіктермен іштік. Сондай-ақ кейде курстастармен кездескенде ішеміз. Испанияға барғанда қызыл вино ішкенді ұнатамын.

 

 Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

 

 Хоббиім - армандау.

 

 Не армандайсыз?

 

 Балаларымның ешқандай проблемасы болмаса екен деймін. Әрқайсы өмірде өз орнын тапқанын қалаймын. Одан бөлек жұмыста технологияларымыз арқылы жаңа, жоғары деңгейге көтерілсек деймін. Жұмыскерлерімнің айлығы жеткілікті, мекемемізде  пәтерсіз адам болмаса деймін. Бұл тек арман емес. Мен қазірден бастап санаймын. Шетелдіктермен келіскен заводымызды бір-екі жылда салсақ, қаражат көп жинасақ қызметкерлерімнің жағдайын реттегім келеді. Кімнің пәтері жоқ, кімнің банкте кредиті бар соның бәрін өтеп бергім келеді. Бізде жеті баласы бар қызметкерлер де бар. Соларға жәрдемдескім келеді. Құдай қаласа, бір-бір жарым жылда осы арманымды орындасам деймін. Себебі бұл мекеме маған бәрін берді. Осы жерде жүріп, мен көптеген жетістіктерге жеттім. Бүкіл Қазақстанның жағдайын жасай алмаймын. Тым болмаса осы мекемедегі қызметкерлерімнің әлеуметтік жағдайын Норвегия еліндегідей жасағым келеді.

 

Сұхбаттасқан Наргиза Аршидин

 

 

Источник: Журнал Жұлдыздыр отбасы, №21(304) 1-15 қараша 2019 жыл