Қазақстан және Өзбекстан мамандары минералды шикізатты зерттеу саласында тәжірибе алмасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.
Халықаралық ынтымақтастық аясында Түсті металдардың Шығыс ғылыми-зерттеу тау-кен металлургия институтының (ВНИИцветмет) мамандары «Өзбекгеологиябарлау» АҚ Орталық зертханасының және Самарқанд қ. (Өзбекстан) Аналитикалық зертханалық кешенінің ғылыми-техникалық тәсілдерімен танысты.
Кендер мен оларды байыту өнімдерін сынау, зертханалардың біліктілікті тексеру бағдарламаларына қатысуы, заманауи әдістемелік және техникалық шешімдерді қолдану және т.б. мәселелерге ерекше назар аударылды.
Қазақстандық мамандар өзбек әріптестерімен минералды шикізатты зертханалық зерттеу, сынау әдістемелерін әзірлеу және қолдану, стандартты үлгілермен жұмыс істеу, сондай-ақ ВНИИцветметтің Сынақ орталығы жағдайында нәтижелердің сенімділігін қамтамасыз ету саласындағы тәжірибемен бөлісті. Тәжірибе алмасу зертханалық жұмыстардың сапасын жетілдіруге, аналитикалық бақылаудың дәлдігін және өнеркәсіп салаларындағы зерттеулердің өнімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
– Заманауи зертхана үшін тек қажетті құрал-жабдықтар мен тәжірибенің болуы жеткіліксіз. Сонымен қатар өз жұмыс тәсілдерін халықаралық үздік тәжірибелермен үнемі салыстырып, ұштастырып отыру маңызды. Осындай кәсіби тәжірибе алмасу жаңа технологиялық шешімдерді білуге, ішкі үдерістерді жетілдіруге және сапа менеджменті жүйесін нығайтуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті «ҚР минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК «ВНИИцветмет» филиалының қолданбалы зерттеулер және сынақтар жөніндегі директорының орынбасары Лариса Кушакова.
ВНИИцветметтің Сынақ орталығы – геология, тау-кен ісі және металлургия салаларында сынау әдістемелерін жетілдіру және енгізумен айналысатын мамандар командасы бар аккредиттелген зертханалық база. Мұнда шикізат пен өнеркәсіптік өнімнің сапасын бақылауды қамтамасыз ету, талдау нәтижелерінің дәлдігін тексеру, жабдықты калибрлеу және ҚР және жақын шетел кәсіпорындарында қолданылатын әдістемелерді метрологиялық аттестаттау үшін пайдаланылатын стандартты үлгілер жасалып, аттестатталады («Бақыршық тау-кен кәсіпорны» ЖШС, «Варваринское» АҚ, «ВостокХимЛаб» ЖШС, «Krisanalyt» ЖШС, «СЖС Казахстан ЛТД» ЖШС, «ЦентрЭКОпроект» ЖШС, «ИСО-Центррегионсервис» ЖШҚ (Ресей) және т.б.).
Дереккөз: inform.kz
Басқа жаңалықтар
Қазақстандық зауыттардан шыққан улы қалдықтарды өндіріске қайтарғысы келеді
Қазақстанда хромқұрамды қалдықтарды қауіпсіз өңдеудің жолын іздеуде
Қазақстанда хром қалдықтарына екінші өмір берілуі мүмкін
Қазақстанда хромды қалдықтарды қауіпсіз өңдеудің тиімді жолдары зерттелуде
Елімізде жылына 10,5 млн тонна мыс кенін өңдеуге арналған байыту технологиялары әзірленді