Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының ғалымдары авиация және ғарыш өнеркәсібінде, мұнай химиясы мен электроникада кеңінен қолданылатын өте сирек кездесетін және қымбат металдардың бірі ренийді іріктеп алудың инновациялық шешім ұсынды.
Жаңа технологияның ерекшелігі қайталама шикізаттан алынған технологиялық ерітінділермен жұмыс істеуінде. Мұндай ерітінділерде органикалық қоспалардың мөлшері едәуір болады, бұл өңдеу процесін айтарлықтай қиындатады.
Қауымдастырылған профессор Феруза Бердіқұлованың айтуынша, әлемдік тәжірибеде қолданылатын дәстүрлі ион алмастырушы шайырла ренийді органикалық заттармен бірге алады. Нәтижесінде сорбенттер тез «уланады», тиімділігін жоғалтады және жиі ауыстыруды қажет етеді, бұл процестің құнын күрт арттырады.
Бірегей қазақстандық әзірлеме
Орталық мамандары балама ретінде минералдар мен өсімдіктерден алынатын композтциялық көміртекті сорбенттерді ұсынды. Технология дәйекті біріктірілген сорбциялық бағандар каскадын пайдалана отырып, тәжірибелік өндірісте сынақтан сәтті өтті.
Сынақтар мыс өндірісінің қорғасын кектерін шаймалаудың нақты ерітінділерімен жүргізілді. Олардағы рений мөлшері 40-тан 460мг/дм³ дейін, ал органикалық қоспалар 46-дан 760мг/дм³ дейін ауытқып отырады. Нәтижелер жоғары тиімділікті растады: мақсатты металды алу деңгейі 90%-дан асты. Бұнда рений мен органикалық қосылыстардың нақты селективті бөлінуіне қол жеткізілді.
Жоба жетекшісі, профессор Светлана Ефремова әзірлеменің басты ерекшелігін атап өтті:
«Біздің тәсіліміз кешендік сипатқа ие. Технологиялық тізбектің барлық кезеңдерінде — ренийқұрамды ерітінділерді алудан бастап дайын өнімді шығаруға дейін – барынша қайталама ресурстар пайдаланылады. Сонымен қатар, қалдықтардың бір бөлігі қажетті функционалдық қасиеттерге ие және қосымша өңдеусіз қолданылады. Бұл шығындарды айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді».
Пайдалы жанама өнімдер
Технологияның маңызды артықшылықтарының бірі құнды жанама өнімдерді алу болды. Атап айтқанда, белсенді көміртекті сорбент өндірісінде пайда болатын силикатты ерітінді, ол жоғары температуралы материалдар өндірісінде коммерциялық сұйық әйнекті сәтті алмастыра алады.
Профессор Баймахан Сәтбаев былай деді:
«Әзірленген құрам көптеген қыздыру мен салқындату циклдеріне төтеп бере алатын жоғары температураға төзімді жеңіл материалдарды алуға мүмкіндік береді».
Бұл материалдарды сынау Ж. Әбішев атындағы химия-металлургия институтының пеш учаскесінде профессор Әлібек Байсановтың жетекшілігімен өтті. Нәтижелер келешекте оларды өнеркәсіптік пештерде ішкі шегендеулер мен жылу оқшаулағыштар ретінде пайдалануға болатынын айқындады.
Жас ғалымдар және халықаралық тану
Жобаға жас зерттеушілер Нұрғали Шалабаев пен Асхат Қабланбеков елеулі үлес қосты, олар қазіргі уақытта өз жұмысының нәтижелерін PhD-диссертацияларды қорғауға дайындауда.
Әзірлеме қазірдің өзінде халықаралық деңгейде танылды: зерттеу нәтижелері ғылыми журналдарда жарияланды және шетелдік конференцияларда ұсынылды.
Бұл әзірлеме іргелі ғылым мен инженерлік практиканың симбиозы бірден бірнеше өзекті міндеттерді шешуге мүмкіндік беретінін айқын көрсетеді: өндіріс қалдықтарын тиімді өңдеу, импорттық материалдар мен технологияларға тәуелділікті азайту, сондай-ақ елеулі экономикалық және экологиялық әсерге қол жеткізу.
Мыс пен полиметалл шикізатының қомақты қоры бар Қазақстан үшін мұндай технологиялар әлемдік сирек металдар нарығында қосымша құн жасауға және позицияларды нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Дереккөз: zhaik.su
Басқа жаңалықтар
Қазақстандық зауыттардан шыққан улы қалдықтарды өндіріске қайтарғысы келеді
Қазақстанда хромқұрамды қалдықтарды қауіпсіз өңдеудің жолын іздеуде
Қазақстанда хром қалдықтарына екінші өмір берілуі мүмкін
Қазақстанда хромды қалдықтарды қауіпсіз өңдеудің тиімді жолдары зерттелуде
Елімізде жылына 10,5 млн тонна мыс кенін өңдеуге арналған байыту технологиялары әзірленді