ОРЫНДАЛМАЙТЫН БҰЙРЫҚТАР, ШЕКТЕУІ ЖОҚ ШЕШІМДЕР
20.12.2024
Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі Ұлттық орталығының Бас директоры, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты ҰҒА бірінші вице-Президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнертапқышы Әбдірәсіл Жарменовпен орталықтарының құрылғанына 30 жыл толу мерейтойы аясында жолығып, әңгімеге тартқан едік.
– Әбдірәсіл Алдашұлы, сізбен әңгіме- дүкен құрғанымыздан бері төрт жылға жуық уақыт өтіпті. Сонда Қазақстан ғылымы абсурдқа толы деп қатты қынжылыспен айтқан едіңіз. Не өзгерді?
– Өзерістер көп-ақ. Соның ең үлкені – Ұлттық ғылым академиясының айналасында бір қуантып, бір жылатып жатқан жағдайлар... Басынан бастайын.
2003 жылы мемлекеттік мәртебесін академия, ел ғылымының жағдайына ықпал ету мүмкіндігін жоғалтқанымен, ғалымдар алдында өте тартымды ұйым болып қала берді. Академия сайлауларында әр орынға қашанда 5-6 адамнан кем конкурс болған емес. Өкімет те Академияны сыйлады ма, әлде академиктерді сыйлады ма, әйтеуір, мерейлі күндер жиынына ел Президентінің өзі үнемі келіп қатысып жүрді. Кейінгі кезекті мерейтойға, Академияның құрылғанына 75 жыл толу мерекесіне елдің жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Келіп қана қойған жоқ, үлкен сыйымен, Академияға мемлекеттік мәртебені қайтару туралы шешімімен келді. Әрине ол академиктердің, академияға жаны ашитын әрбір азаматтың көптен күткен үміті еді. Амал нешік, қуанышымыз көпке бармады. Президенттің айтуын орындау барысында үлкен олқылықтар орын алды, ең түсініксізі академияға мемлекеттік емес, акционерлік қоғам мәртебесі берілді. Тарихта бірінші рет академияға ешқандай қатысы жоқ адам Президент болып сайланды. Ол да, одан кейін сайланған басшы да бұрынғы Академияны, оның академиктерін мойындаудан бас тартты. Ғылыммен өмірінде айналыспаған адамдар академиктерді сайлай бастады. Академик болғысы келетіндер 5 жылға жоспар жасап, сол жоспарларымен абыройлы, өте биік, ғылымдағы үлкен жетістіктері үшін берілетін атаққа ие болып жатыр. Мұндайды бұрын-соңды ешбір ел академиясының тарихынан естіген емеспіз. Мемлекет басшысы академиктердің құқығын қалпына келтіретін тағы жарлық қабылдады. Одан бері де жылға жуық уақыт өтсе де, ол жарлық та орындалмай жатыр. Өте түсініксіз, шытырман жағдай. Жаңадан қабылданған заң Академияға ең жоғарғы ғылыми ұйым деген ат қойды. Заты не болатыны әлі белгісіз. Меніңше, ел Президенті өзі араласып соңғы нүктені қоймаса, бұл жағдай әрі қарай бұдан да құйтырқы сиырқұйымшақтанып жалғаса беретін сияқты. Дегенмен, бәрі де орнына келетін шығар деп ойлап, жалпы Қазақстан Президентінің Академияға мемлекеттік мәртебе қайтаруы туралы шешімін өте дұрыс әрі үлкен тарихи маңызы бар шешім деп қабылдауға болады. Бір дейік.
Екінші, осы аралықта жыл сайын ғылымға бөлінетін мемлекеттік қаржы қомақты өсіп келеді. Жоғарғы оқу орындары мен жоғарғы білім министрлігіне қарасты ғылыми мекемелерге үлкен гранттар бөлініп, олар материалдық-техникалық жағдайларын айтарлықтай жақсартып алды. Бізге де (бізге де дегенім, салалық министрліктердің құрамындағы мекемелерге де дегенім ғой) кезек келіп қалады-ау деген үмітіміз бар, біздің министріміздің де үш салалық лабораториялар жасауға қаржы бөлеміз деген уәдесі де бар. Ол сұрақ та тез арада оң шешімін табады деп ойлаймын.
Үшінші үлкен жаңалық, жаңа бастама, келесі жылдан бастап жергілікті әкімдіктер де ғылымға ақша бөлуге міндеттелді. Әкімдіктер үшін бұл жаңа үрдіс, ондай жұмысты атқара алатын мамандар олардың ортасынан табыла қояр ма екен деген ой мені қынжылтады. Тіпті керегі де жоқ-ау. Ғылым қорының коммерцияландыру бағдарламасында қаржыландыратын ұйымдар таба алмай қиналып жүргендер өте көп. Міне, осылар жұмысты таңдап алу, экспертиза жасау жұмыстарын Ғылым қоры жасап, әкімдіктерді өз региондарынан шығып жатқан жобаларды бірге қаржыландыруға тартса, идея авторларына да, әкімдіктерге де өте тиімді болады деп есептеймін. Әкімдіктер де жаңа қызметкерлер іздеп әуре болудан арылады, ғалымдар партнер іздеуден құтылады.
Басқа да маңызды және маңызсыз өзгерістер көп, оларға тоқталмай-ақ қояйын.
– Әб-аға, биыл сіздердің мекемелеріңіз құрылғанына 30 жыл толу мерейтойын атап өтті. Ел алдында атқарылған жұмыстар туралы ой толғасаңыз.
– Иә, бір жылдай кешіктіріп (су тасқынына байланысты) мерейтойымызды өткіздік. Тойымызға еліміздің түкпір-түкпірінен, шет елдерден келген қонақтарымыз біздің жетістіктерімізге оң бағаларын берді. Олардың мақтауына себеп болатын табыстарымыз аз емес.
Біздің әзірлемелеріміз бойынша әлемнің түрлі елдерінде ондаған кәсіпорындар, 200-ге жуық технологиялар іске қосылды және жұмыс істеп жатыр. Бұл біздің мамандардың Қазақстанда да, шетелде де сұранысқа ие екендігінің сенімді көрсеткіші. Ал жетістіктер өздігінен пайда бола салмайды ғой. Біз жеткен барлық жетістіктерге қаншама ақыл-ой, күш-қайрат, миллиардтаған қаржы-қаражат жұмсау арқылы қол жеткізілді. Мен Орталығымыздың құрамындағы барлық институттар ұжымдарына, ондағы ғалымдар мен мамандарға ғылымға және өз еліне деген адалдығы үшін алғыс айтамын.
Бәрін тізбектеп жатпай-ақ, кейінгі жылдардағы ірі-ірі екі-үш жұмысымызды атап өтейін. Орталықтың Ақтөбе ферроқорытпа зауытында салынған қуаттылығы 100 МВА-дан асатын төрт тұрақты ток пешінің төртінші цехын іске қосуға және жобалық қуаттылығын күшейтуге қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Мұндай пештер әлемдік тәжірибеде алғаш рет салынды. Бұған дейінгі тұрақты ток пештері ең көп дегенде 40 МВА-ға дейін ғана қуаттылықпен жұмыс істейтін. Жақында бұл цехтың құрылғанына 10 жыл толу мерекесі кеңінен атап өтілді. Орталық ғалымдары феррохромды балқыту үшін арнайы қождар әзірледі, бұл төсемдерді жеуді болдырмауды және төтенше жағдайлар қаупін жоюды қамтамасыз етті. Бұл жұмысты жүзеге асыруда зауыттың жобалық тобының (АқтФЗ) еңбегі зор. Ол толығымен дерлік біздің орталыққа қарайтын Қарағанды Химия-металлургия институтының аспирантура түлектерінен құралған. Бұрыннан келе жатқан Балқаш, Жезқазған өндірістерімен қатар Қазақстанда белгілі тәсілдермен байытуға келмейтін кен орындарынан (Ақтоғай, Бозшакөл т.б.) біздің Өскемендегі «ВНИИцветмет» институтының технологиясымен қазір жылына 53 мың тонна мыс өндіреді.
МШКҚӨ ҰО жетістіктеріне құрамында алтыны бар кендердің әр алуан түрлерін, оның ішінде байытылуы қиын кендерді өңдеу технологияларын әзірлеу, ондаған үймелі шаймалау қондырғыларын, оның ішінде Доре қорытпасын ала отырып, қаныққан шайырларды өңдеуге арналған кешендерді енгізу, Қазақстанда бірінші және әлемдегі екінші ыстық цианирлеу өндірістік цехын іске қосу, Астанадағы аффинаж зауыты. Бұл жұмыстарға керекті технологияларды «Казмеханобр» институты іске асырды. Біздің Астанадағы филиалымыз кең номенклатурадағы отандық отқа төзімді материалдарды шығаруды жолға қойды. Балқуы өте қиын сирек және сирек жер элементтерінің шикізат базасын игеру, кен термиялық өңдеу бөлімдерін құру және Каратау кварциттерінен аммоний метаванадатын өндіру технологиясы бойынша әзірлемелерін күріш қауызын пайдалану идеяларын Алматыдағы лабораторияларымыз іске асырып жатыр.
Ауыз толтырып айта кетуге болатын бір жағдай – тек қана феррохром, мыс және алтын алатын өндірістеріндегі біздің технологиялар бойынша өндірілетін қосымша өнімдер жылына 150 млрд. теңге көлемінде салық төлемдерін қамтамасыз етіп отыр. Ол Қазақстанда бүкіл ғылымға бөлініп жатқан қаржымен пара-пар.
Ең кейінгі жаңалық, Бұғыты вольфрам кен орнының тікелей инвесторы Қытайлық Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясымен бірлестікте жасалған жұмыстардағы жетістіктерді қадап айту керек. Кен орнын игеруге 350 млн. АҚШ доллары инвестицияланған. 30 қарашада Алматы облысында вольфрам өндірісінің бірінші кезеңі ашылды. Бұл ел тарихындағы маңызды оқиға болды. Кәсіпорынның жобалық қуатқа шығуы Қазақстанға осы металдың әлемдік өнеркәсіптік көлемінің 10% - на дейін өндіруге мүмкіндік береді. Қытайлық кәсіпкерлердің алдағы жоспарлары одан да өршіл – Қазақстанның әлемдегі вольфрам өндірісі бойынша көшбасшылар қатарына қосылу.
– Орталық ғалымдары вольфрам кендерін өңдеу технологиясын әзірлеу бойынша үлкен мүмкіндіктерге ие, – деп атап өтті Алматыда өткен конференцияда Jiaxin International Resources Investment Limited компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Лю Лицян. – Біз ынтымақтастыққа ынталымыз әрі терең өңдеудің жоғары тиімді кешенді технологияларын қолдана отырып, Қарағанды облысында вольфрам кен орындарын тұтас игеруге көмектесуге дайынбыз. Ондағы вольфрам кен орындарын игеру жобасы бойынша инвестициялық портфель бір миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін. Әлемдік деңгейдегі вольфрам өнімдерінің индустриялық паркін құру, 4000 жұмыс орны бар өндіріс құру, озық технологияларды және Қазақстанға елеулі инвестициялық ағындарды тарту көзделіп отыр. Тиісті келісім шарттарға қол да қойылды.
Бұл бүгінгі күннің жетістіктері десек, 30 жылдық тарихымызда болған біздің мекеменің өміріне үлкен әсерлерін тигізген 2-3 мәселені айта кетсем артық болмас.
2001 жылы біздің жетістіктеріміздің жоғары бағасы және біздің мүмкіндіктерімізге деген сенімнің нәтижесі ретінде ҚР Премьер-Министрінің «Жезказганредмет» өнеркәсіптік кәсіпорнын Орталықтың құрамына беру туралы қаулысы (ол кезде бұл лауазымды Қ.Қ. Тоқаев атқарды - ред.) шықты. Қаулыда өндірістің жекешелендіруге және оның алдын ала сатыларына жатпайтыны көрсетілді. Бұл біз үшін мүлдем күтпеген жағдай еді. Әрі орасан оң нәтиже көрсеткендей, дұрыс шешім болғаны анық. ЖРМ Орталықтың құрамына берілген сәттен бастап кәсіпорынның технологиялық көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды. Бір жылға жетпей-ақ аммоний перренатының өндірісі 1,6 еседен астам көрсеткішке дейін ұлғайды. Сондай-ақ, өнім бағасын да осынша есеге көтеруге мүмкіндік туды. Роллс Ройс компаниясымен Қазақстанда рений қорытпалары өндірісін ұйымдастыру туралы келіссөздер жүргізілді. Ағымдағы және «тарихи» өнеркәсiптiк өнiмдер мен қалдықтардан кен мен осмий алу дәрежесiн арттыру жөнiндегi жұмыстардың бағдарламалары әзiрлендi.
Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ә.Жәрменовке Мемлекеттік сыйлық тапсыру кезі
«Қазақмыс» корпорациясы әу бастан Орталық пен ЖРМ-нің бірігуіне қарсы шығып, өндірістің қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіріп келді. Ең жоғары инстанцияларға біздің жұмысымыз туралы жалған ақпаратты хаттар жіберілгені де бізге мәлім. Көп ұзамай Қазақстан Үкіметінің кезекті ауысуы орын алды және ҚР жаңа Премьер-Министрі өзі құрған ведомствоаралық комиссияның (оның құрамына салалық министрлік тер мен күш құрылымдарының өкілдері кірді – ред.) Орталықтың құрамында ЖРМ-ді сақтаудың тиімділігі туралы қорытындысына қарамастан Қазақмыстың қысымына бағынып, ЖРМ- ді дербес кәсіпорынға айналдырды.
ЖРМ-ді Орталықтың құрамына берумен бір мезгілде Қазақстан Үкіметі ҚР Парламентінің қарауына «Мемлекеттік монополия туралы» заң жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) ұсынды. Бұл мәселе бойынша да үлкен көзқарастар қайшылығы туындады. «Қазақмыс» компаниясы мен оның қалта-депутаттары бұл тармақты Заң жобасынан алып тастауды талап етті. Алайда Заң жобасын ҚР Парламенті Мәжілісінде қолдағандар басым көрсеткішті көрсетті («қарсы болғандар» төрт дауысты ғана құрады). ҚР Парламенті Сенаты да бұл құжатты қолдауға дайын болды. Заң жобасын қабылдамау мақсатында ҚР Премьер-Министрі сенатта дауыс беру қарсаңында түнде барлық рәсімдік нормаларды бұза отырып, оны пысықтауға қайтарып алды. Бұл шешімнен көптеген басқа да стратегиялық бағыттар бойынша мемлекеттік мүдделер зардап шекті. Мәселен, қара уылдырық өндірісімен байланысты тармақтардың, орман шаруашылығы және т.б. бойынша сұрақтардың болғаны есімде. Менің ойымша, бүгін де бұл Заң жобасы өзектілігін жоғалтқан жоқ. Керiсiнше, сирек металдарға әлемдiк сұраныстың артқанын, елiмiзде кен өндiру көлемiн көтерудiң нақты мүмкiндiгiн ескерсек, оның қажеттілігі өсе түскеніне көзіміз жетеді.
Орталыққа ғана емес, сол кезеңде мемлекеттік құрылымдардың ықпалынан мемлекетке де келтірілген елеулі залал туралы еске түсірмеске шара жоқ. Мен қазір Қазақмыс олигархтарының ұйымдастырған – жұмыс істеуге мүмкіндік бермеген шектен тыс тексерулері туралы айтып отырған жоқпын. Мәселе мынада, аммоний перренаты өндірісінің көлемі қарқынды өскен кезде «Қазақмыс» корпорациясы дайын өнімді өзінің бақылау-тексеру пункттері арқылы әкетуге тыйым салды. Қоймада жұмыс істеуге мәжбүр болдық. Біз сот тәртібімен алған сервитут құқығын Қазақмыс елемеді.
Сауда жоқ кезде де өндірісті тоқтатпауға бар күшімізді салдық. Қазақмыс пен кейбір мемлекеттік шенеуніктердің күткеніндей болмады. Қарызға белшемізден батсақ та, стратегиялық маңызды өндірісті тоқтатуға жол бермедік. Рас, біз шикізаттың қаражатын төлей алмадық. Дегенмен, бұл заң бұзушылық болған жоқ, себебі төлем келісімшарт бойынша бұғатталған өнімді сатқаннан кейін ғана төленуі керек болатын. Осыған қарамастан «Қазақмыс» корпорациясы бізді сотқа берді және Қарағанды облыстық соты барлық заңдарды бұза отырып, «Қазақмысты» қолдады. Біз Қазақстанның Жоғарғы сотына жүгініп, ондағылар Қарағанды облыстық сотының шешімін түбірімен жойды. Бірақ үш-төрт күннен кейін жоғарғы сот төрағасынан өз шешімін қайтарып алам деген төрт жол хат алдық. Ешбір түсіндірусіз, негіздеусіз. Ондай да болады екен өмірде, нәтижесінде «Қазақмыс» корпорациясы біздің өнімдеріміздің едәуір бөлігін ақталмаған бағамен алып қойды да, біздің кәсіпорынды, сондай-ақ мемлекетті, кем дегенде, 50 млн АҚШ доллар шығынға ұшыратты. Бұл тек жеке ғылыми кәсіпорынға ғана емес, мемлекет экономикасына, ғылыми бағытты және жалпы сирек металдар саласын дамытуға өте салмақты соққы болды. Біздің құрамнан ЖРМ шығару қысқа мерзім ішінде өндіріс көлемінің айтарлықтай құлдыратты. Роллс Ройспен келісіміміз және ЖРМ жұмысын жақсарту жөніндегі басқа да жоспарларымыз орындалмай қалды. Қиын жағдайға тап болғанымызға қарамастан, біз өз қызметімізді неғұрлым табысты деңгейде жалғастыра бердік.
Тағы бір елеулі, бізді көп, «тар жол – тайғақ кешуге» алып келген жетістігіміз – жаңа Қазақстан» құймасы мен оны алу технологиясы. Ол технология көптеген елдерде (АҚШ, Еуропа елдері, Қытай т.б.) патенттелді. Патент әлем металлургиясының алпауыты немістің «Тиссен Крупп» компаниясының еншілес кәсіпорнына 6% роялтимен сатылды. Компанияның бас директорымен кездесуде мемлекет басшысы: «Бұл құйма Қазақстанда ойлап табылды, бірінші заводты осы жерде салыңдар», – деді. Олар келісті. Бұл біздің де, құйманың да соры болып шықты. Тиссен Крупп Премьер министрдің орынбасарына оңтүстік Кореяның «Поско» (айналымы 80 млрд доллар), Жапонияның «Ханва» (айналымы 40 млрд доллар) компанияларымен бірге инвестициялар салуға дайын екенін ашық мәлімдеді. Бір ғана талаптары болды, сол кезде ешкімге керек болмай бос жатқан «Солтүстік Қушоқы» көмір кен орнын (көмірінің сапасы өте нашар) шикізат көзі ретінде сұрады. Сол кен орнын беру мәселесінің шешімі 5 жылға созылды. Қандай инвестор ондай түкке тұрмайтын сұрақтың шешімін 5 жыл күтуге шыдасын! Бәрінің бізге өкпелері қара қазандай болып кетті, Посконы Қырғызстан Президенті, Премьер министрлері кездестіріп жүріп, сол жаққа бұра алдық. Олар Қырғызстанда завод салуға 25 млн доллар ақша салды. Ол заводты іске қосуымызға 3-4 ай қалғанда Қырғыз Президенті біздің Президентімізбен қатты ренжісіп, ауыр сөздерге барып қалды. Ақысын бізден алды, біздің жобаны тоқтатып тастады. Бұл жерде тағы бір таң қаларлық жәйт, Қырғыз Президенті ешбір ойланбастан бізге ғана емес, ол өз елінің экономи касына, халқына зиян келтірген шешім қабылдағаны. Одан бері 7-8 жыл өтті, құдайға шүкір, қазір Қырғыз өкіметімен келісіп, заводтың құрылысын ары қарай жалғастыруды қолға алып жатырмыз.
Бірақ та біздің технологияның дамуына басқа да күштер зиянын тигізіп жүр. Голландиялық болып келіп жүрген Ресейлік олигархтың компаниясы, біздің еліміздегі қолшоқпарлары 4-5 жылдан бері технологиямызды тартып алуға әрекет жасап жүр. Екі жыл бұрын Қазақстан Премьерінің орынбасарына қол қойдырып, технологияларымызды оларға біздің келісімімізсіз беру туралы протоколдық шешім шығарды. Оны Премьерге барып түсіндіріп, күшін жойғыздық. Енді бүгінгі күндері біздің шенеуніктерді тағы да көндіріп, біздің патентімізді елден заңсыз шығарылған актив ретінде қайтарып, оларға бергізуге тырысты. Әйтеуір, одан да өттік-ау.
Мен бұл жайттарды олардың біздің орталықтың дамуына үлкен кері әсер болғаны үшін айтып жатырмын. Қазіргі кезде технологияны ойлап табу ғана емес, оны дұрыс қорғаудың жолдарын жете игеру керек екенін біз осы мезеттерде өте жақсы түсіндік, бізге ол жақсы сабақ болды. Оқырмандарға да сабақ болар деген ниетпен есіме алып, айтып отырмын.
– Ақтара кететін жалғасты мәселелер жоқ па?
– Онсыз да көп нәрсенің басын ашып айтып тастадым ау деймін. Десе де мүмкіндік беріп отырсаң, айтайын. Осыдан 5-6 жыл бұрын министрліктегі шенеуніктер, қазір барлық технологиялар белгілі интернеттен, анықтамалардан технологияларды алып жасай беруге болады деп біздің ғылыми бағдарламамызды жауып тастады. Бұл абсурдтық шешім, бізді бірнеше жыл негізгі ғылыми жұмыстарымыздан алыстатты, завод лабораториясының күйін кешуге жақын қалдық. Көптеген жақсы идеялар ары қарай дамымай қалды. Биыл ғана министрліктің көзін жеткізіп, ол бағдарламамызды жандандырып жатырмыз. Ары қарай, Қазақстан ғылымында осы сияқты зиянды шешімдер болмаса деп тілеймін. Барлық оқырмандарыңызды жаңа жылмен құттықтаймын!
– Ағыңыздан ақтарылғаныңызға рақмет! Жаратқан иеміз адал істеріңізді қара күштерден сақтасын деп тілейміз.
Еркін ЖАППАСҰЛЫ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері
Источник: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ, Қазақстан Республикасының әдебиет, мәдениет және өнер апталығы, №51, жұма, 20 желтоқсан, 2024 жыл